
Дина Дүйсен оқуы мен өнердегі сәтті жолы туралы айтып берді

Ол Ұлыбритания, Шотландия, Италия, Қытай, АҚШ, Румыния, Ресей мен Украинаның беделді халықаралық сахналарында сәтті өнер көрсетіп, барған сайын тыңдармандарын талантымен баурап алып жүр. Ол халықаралық байқаулардың лауреаты, Лондондағы Корольдік музыка академиясының магистрі. Оның шығармаларды орындаған дискілері Amazon-да сатылады. Шетелде оны қазақтың фортепиано ханшайымы деп атаса, өзінің туған елінде отандастары оның жетістіктерін мақтан тұтады.
Патшайым атағы Дина Дүйсенге бірнеше жыл бұрын берілген еді — бір журналист өзінің шолуында: «Қазақтың пианино патшайымы» деп жазады. Содан бері бұл атақ Динамен бірге келеді. «Әрине, мен бұл атақ үшін өз басым ризамын, одан бас тартпаймын да», — дейді пианист күліп.
Бұл мақала «Forbes Kazakhstan» журналында орыс тілінде жарияланған түпнұсқа шығарманың Ұлыбританиядағы Қазақ Орталығымен аударылған қазақша нұсқасы.
«Королева фортепиано: как музыкант из Казахстана получила признание за рубежом», авторы Марите Любинайте, 2023 жылғы 27 желтоқсанда «Forbes Kazakhstan» журналында жарияланған.
Қазақстан
Қазақстандық-британдық пианист Дина Дүйсен Алматыда музыкалық отбасында дүниеге келген: әкесі Орынбай Дүйсен – домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, анасы – Сәуле Сағымбаева пианист және екі ағасы Ордабек пен Ілияс скрипкашылар.
Әлбетте, оның өмірінде музыканың орны әрқашан үлкен болды. Бірақ пианист болу Дина үшін алдын ала таңдалмады, ол оның өз бетінше қабылдаған шешімі болды деп айтуға болады. «Мен ата-анама өзімнің пианинода ойнауды қалайтынымды айтқанда бар болғаны төрт жаста едім. Аспапты осылай сол кезде таңдадым», — деп есіне алады Дина.

Ата-анасы, керісінше, Дина мен оның ағаларының өздерінің жолдарын жалғастыруын қалаған жоқ. «Біріншіден, бұл — ауыр еңбек, екіншіден, біздің отбасымызда музыкамен шұғылданамын деп шешсең, ол тек хобби болып қалмауы керек, ол нағыз мамандық болуы тиіс. Бірақ, біздер сонда да шығармашылық жолға түсуді таңдадық, ал ата-анамыз бізді қолдады. Мен отбасында бір ғана музыкант болатын мысалдарды жақсы білемін, олар үшін бұл әдетте өте қиынға соғады, соңында кейбіреулері музыка жолынан мүлдем кетсе, енді біреулері жылдар өткен соң өмірлерінің мәні ретінде оған қайта оралады».
Сөйтіп, бес жасында Дина өзінің скрипкашы ағалары Ордабек және Ілияспен бірге, Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған музыка мектеп-интернатының табалдырығын аттайды. «Сол кездегі сезім-толқыныстарым күні бүгінге дейін жақсы есімде. Мектептің ауласына шығып, ішімнен, «мен мектепте оқимын, болды, мен енді үлкен болдым», — деп ойладым».
Бірақ ол сүйікті мектебін бітіре алмайды. 1998 жылы ата-анасы елордалық Қазақ ұлттық музыка академиясына жұмысқа орналасып, Динаның отбасы Астанаға көшеді. Елордада Дина оқуын Қазақ ұлттық музыка академиясында (2009 жылдан бастап «Шабыт» Қазақ ұлттық өнер университеті) жалғастырып, 2005 жылы оны үздік бағамен тәмамдайды.
Дина жаңа жерге қоныс аударудың өзі үшін оңай болмағанын айтады: «қала, мектеп, мұғалім және мүлдем басқа климат — мен үшін бәрі жаңа болды. Оның үстіне мен өтпелі кезеңдегі жасөспірім едім. Тіпті сол кезде Алматыға оралғанымды түсімде көретінім кездерім де әлі есімде».
Дегенмен, енді, міне, сонша жылдан кейін, Дина оның бәрі кездейсоқ еместігін түсінеді. Мектеп пен мұғалімнің ауысуының арқасында Дина шетелдік делегацияларға арналған концерттерде жиі ойнай бастап, отандық және шетелдік классикалық музыка орындаушыларының байқаулары мен мастер-класстарына қатыса бастайды.
«Ол кезде Алматыдағы музыка мектебінде концерттік іс-шаралар мұндай көп емес еді. Мен тек бір рет қана Орталық концерт залында симфониялық оркестрмен концерт қойдым. Бұл менің дебютім болды. Ал сол кезде жаңадан елорда болған Астанада іс-шаралар бірнеше есе көп болды, біз апта сайын бір жерде өнер көрсеттік. Сол кезде мен Италияның Сенигаллия қаласында өткен XXIX халықаралық пианистер байқауына алғаш рет ұшып барып, үшінші орынды иелендім», — деп еске алады Дина.
АҚШ
Музыкалық академиядағы оқуын аяқтағаннан кейін Дина Форт-Уэрттегі Тэксас Христиан университетіне «Artist Diploma» бағдарламасына толық стипендиямен оқуға түсіп, оны 2008 жылы бітіреді.
«Университетті таңдау және оған түсу өздігінен болды», — деп еске алады сұхбат беруші. Сол кезде Американың Даллас қаласында Эдуард Шмидердің скрипка класында білім алып жүрген ағам маған жергілікті университетке түсуде бағымды сынап көруге кеңес берді. Мен қабылдау емтиханына қажет болатын дискімді жазып, ойланбастан жібердім. Айтпақшы, жазбамды тек осы университетке жібергенімді айта кетуім керек. Университет маған үш жылдық бағдарламада оқуға толық стипендия береді. Кейінірек білгенімдей, бұл оқуға түсуге бәсекелестік өте жоғары болған екен».

Дина АҚШ-тағы оқуға еш ойланбастан кетті. Ол курста орысша сөйлейтін бес-алты адамның болғанын, ал оның ішінде өзінің Қазақстаннан келген жалғыз ғана студент болғанын есіне алды. «Дина, сен біз білетін алғашқы қазақ әйелісің!» дегенді жиі естимін. Мен оларға: «Ендеше, сіз ең жақсысын кездестірдіңіз!» деп жауап қатамын». (Күледі.)
Америкада оқыған жылдары Дина көптеген жақсы адамдармен танысып, өзіне бірнеше адал дос табады, олар оны әлі де өз өнерлерімен шабыттандырады. Олардың қатарында белорустық фортепиано мектебінің көрнекті өкілі, Чайковский атындағы халықаралық байқаудың лауреаты Андрей Поночевный, сондай-ақ аса жоғары санатты музыкант, ұстаз және тәлімгер Сергей Бабаян да бар. Дина Сергей және оның жұбайы Маргаритамен достығын ерекше мақтан тұтады.
Пианистің айтуынша, оның университеттегі оқытушысы тарапынан кәсіби тұрғыдан жеткілікті қолдауды таппауы, Сергей Бабаянмен таныстыққа әкелген. Дина оны арнайы іздеп бармайды: бір күні ол жергілікті газеттегі Бабаянның сұхбатын оқып, рухы және музыканы қабылдауы мен орындауы бойынша оның өзіне жақын екенін түсінеді. Ол онымен танысу ретін кейінге қалдырғысы келмей, оған сол кезде Бабаян сабақ беретін Кливленд музыка институтының оркестрімен өзі орындаған Рахманиновтың концерті жазылған DVD жазбасы мен хатын жолдайды. «Екі айдан кейін маған қоңырау шалып: «Сәлеметсіз бе. Бұл Сергей Бабаян. Мен сіздің видеоңызды көрдім. Сіз қалыптасқан әртіссіз. Менімен не туралы сөйлескіңіз келді?-дейді ол». Содан бері біз доспыз және оның музыкант ретіндегі маған ықпалы әлі де орасан зор. Ұстазыңызды табу өте маңызды, мен оған сенімдімін», — дейді сұхбаттасушы.
Сол кезде 2007 жылы болған таныстық, Динаға жақсы мағынада, шығармашылық серпін береді. Ол екі рет Кливленд музыка институтының жанындағы Сергей Бабаян атындағы фортепиано академиясындағы, әрбір музыкантқа бұйыра бермейтін, екі апталық курстарына қатысады. Университетті сәтті тәмамдағаннан кейін, Дина Тэксастық Уэслиан университетіне музыка мұғалімі болып жұмысқа шақырылды. Бірақ ол Еуропадағы үздік он институттың бірі болып табылатын Лондондағы Корольдік музыка академиясына оқуға түскендіктен одан бас тартты.
Ұлыбритания
Динаның айтуынша, ол 2006 жылы Оксфордтағы фестивальге қатысу үшін Лондонға екінші рет келгенінде ғашық болады. «Менің кеткім келмеді, бірақ сонымен бірге мен Ұлыбритания астанасында жай ғана өмір сүргім келмеді, мен өз саласының кәсіби мамандарынан үйренгім келді», — дейді пианист. «АҚШ-тағы оқуымның үшінші жылында Корольдік музыка академиясының деканы, болашақ ұстазым Кристофер Элтонмен байланысқа шықтым».
Динаны академияға жалпы негізде оқуға түсуге шақырады. Бірақ декан оны алдын ала тыңдап (кеңес беру сабағы — бұл әдеттегі тәжірибе), оқуға қабылданған жағдайда, оны өз сыныбына алатынын айтады. Солай болды да. 2008 жылдың қыркүйегінде Дина Корольдік академияның орындаушылық бойынша өнер магистрі дәрежесіне түсіп, оқуын 2011 жылы үздік бітірді. Кристофер Элтон, Хэмиш Милн және Кэтрин Стотт оның ұстаздары болды. «Мұндай музыканттардан сабақ алу лотерея ұтып алумен бірдей», — дейді пианист.
Академия оған құрметпен қарап, оның кез келген бастамасын үнемі қолдап отырады.
Оқу кезінде қиыншылықтарсыз да болмады. «Басында негізінен қаржылық жағынан қиын болды. Лондон өте қымбат қала. Оқуыма стипендия алдым, бірақ баспана жалдауға ақша табуым керек болды», – деп есіне алады пианист.
Бірақ сол кезде ақша мәселесі күтпеген жерден шешіледі. Академияда Дина дайындалу және бірлесіп орындау үшін пианист іздеп жүрген скрипкашы студент қызбен танысады. Олар бірге концерттерде орындап, пәтердің жалдау ақысын тұрақты төлеуге табыс табады. Алайда, бұл шығармашылық одақ тек екі жылға созылады, студент қыз академияны бітіріп өз отаны — Жапонияға қайтып кетеді. Сол кезден бастап Дина фортепианодан жеке сабақтарын бере бастайды.
2011 жылы магистратураны тәмамдаған Дина Англияда қалады. Ол жеке фортепиано сабақтарын беруді жалғастырып, кейбір колледж студенттерінің өтініші бойынша, олардың репертуарын тым жақсы білетіндіктен, оларды сүйемелдеумен айналысты. «Мен тек пианинода ойнаймын, бірақ егер мен екінші аспапты таңдайтын болсам, таңдауым виолончельге түсер еді!» — дейді Дина. Шамамен сол уақытта оған Корольдік музыка колледжінің сүйемелдеуші — пианисті болуды ұсынады.
Академияға Дина кейінірек шақырылады. Бір күні оған ішекті аспаптарды қабылдау емтиханында пианинода сүйемелдеуші болуды сұрайды, ал екі айдан кейін академияның ішекті аспаптар кафедрасының деканы оны жұмысқа шақырады. «Бұл 2020 жылы болды. Бірақ мен 2021 жылдың қараша-желтоқсан айларында ғана толыққанды жұмыс жасап бастадым, өйткені мен ұсыныс алған сәтте коронавирустық пандемия жарияланып, барлығына үйде отыру бұйырылды, — деп еске алады Дина Дүйсен. Қазір мен екі жерде — колледжде де, академияда да жұмыс істеймін, бұл оқу орындары барлығына олай істеуге рұқсат бермейді, сондықтан менің жағдайым ерекше деуге болады».
Динаның міндеттеріне ішекті аспаптар студенттерімен олардың репертуарын қайталап, емтихандарға дайындық жасау кіреді. Ол студенттерге жоғары талап қоятынын, бірақ өзіне де оны кем қоймайтынын айтады. «Мен үнемі ізденіс үстіндемін және ешқашан тоқтамаймын. Тоқтау көп ретте деградацияны білдіреді. Маған әрқашан бір нәрсеге беріліп жұмыс жасайтын адамдар ұнайды. Дәл сол қашан да тартымды», — деп атап көрсетеді сұхбаттасушы.
Динаның өзі де шәкірттерін қолдап, мақтап отыруға тырысады, өйткені шығармашылық адам үшін бұның қаншалықты маңызды екенін өзі жақсы түсінеді. «Былтыр Сергей Бабаян Рахманинов концертін орындап, Ливерпуль оркестрімен концерті алдында оркестр партиясын ойнауымды сұрады. Концерттен кейін ол менің орындауымды мақтағанда өзіме қанат біткендей бөлек сезімде болдым, себебі мақтауды есту әрқашан жағымды әрі жақсы, ал тәлімгердің мақтауы одан да күшті». Қазіргі кезде Дина сабақ берумен қатар, түрлі музыканттармен бірлесіп орындап, сахналарда белсенді өнер көрсетіп жүр.

Ол скрипкашы Никола Бенедетти, сондай-ақ пианист Мартин Джеймс Бартлетт, Крис Ричардс, виолончельші Роберт Коэн және басқалармен жиі орындайды.
Ағасы Ордабекпен бірге «Дүйсен» дуэтінің құрамында Ұлыбритания, Италия, АҚШ және Қазақстанда камералық музыканы орындайды. «Маған камералық музыка жанры негізінен қатты ұнайды. Менің Вячеслав Өзбеков деген тамаша ұстазым болды. Өкінішке орай, ол бірнеше жыл бұрын дүниеден өтті. Соңғы кездесуімізде ол менің әртүрлі скрипкашылармен және виолончелшілермен ойнайтынымды біліп, қатты қуанды. Неге екенін білмедім, бірақ ол мені жалғыз өзі ғана ойнайды екен деп ойлапты», — дейді пианист.
Кез келген дарынды адамның өміріндегідей Динаның да бай шығармашылық өмірінде елеулі оқиғалар болды.
Әлбетте, олардың біріне Динаның 13 жасында берген бірінші жеке концерті жатады. «Мен Алматыдағы Орталық концерт залында симфониялық оркестрмен Прокофьевтің №1 концертін ойнадым. Репетиция, жұмсақтау айтқанда, ойдағыдай өтпеді, дирижер басқа темп беріп ойнағысы келді де, бұл маған ұнамайды, сонда мен ашуланып сахнадан кетіп қалдым», — дейді пианист. «Әрине, одан кейін бәріміз де басылып, керемет концерт қойдық. Көрермендер бізді жақсы қабылдап, ұзақ қол соғып, көп гүл шоқтарын сыйлады. Кешке анам мен әкем үйімізде мерекелік кешкі ас ұйымдастырды».
Динаның шығармашылық өміріндегі тағы бір маңызды оқиғалар қатарына Динаның 2002 жылы Оксфордта, Еуропадағы ең көне ғимараттардың бірінде ойнаған үлкен концертін жатқызуға болады. «Сол кезде мені, қазақстандық қызды қалай қабылдайды екен деп қобалжығаным есімде. Бірақ соңында жақсы орындап болған соң, ду қол шапалақ соғылып, тыңдармандардың зор қошеметіне бөлендім. Мен көпшіліктің сүйіспеншілігін сол кезде сезіндім деп ойлаймын»,-дейді сұхбаттасушы.
Сондай-ақ, Динаның 2018 жылдың қазан айында атақты актер Саймон Рассел Бил және Роб Хипспен бірге «Байрон: періште және қуылған» атты театрландырылған концертіндегі дебютін атап өткен жөн. Ағылшынның атақты ақыны Джордж Байрон және оның өлеңдері туралы әңгіме Динаның орындауындағы музыкамен сүйемелденді. Бір қызығы, дәл осы концерт бір жылдан кейін Астанада да көрсетіледі. «Идея авторы Натали Спир, режиссері Ричард Спир, продюсері Майя Эллис, жарықтандыру дизайнері Джеффи Хенс және актерлермен жұмыс істеу өзіме үлкен ләззат әкелді. «Олар нағыз кәсіпқойлар. Ал Роб Хепспен тіпті жақсы дос болып кеттік, біздер Лондон мен Торонтода «Музыка және поэзия» атты екі бірлескен концерт өткіздік», — дейді пианист.
Сонымен қатар, Дина King Place-те Грэмми сыйлығының иегері, продюсер Эндрю Кинермен жазылған «Шопеннен Адеске дейінгі мазуркалар» атты жеке дебюттік альбомын шығарды. Ал 2023 жылы ол камералық музыка шырқалған өзінің үш күндік «Дина және достар» фестивалін ұйымдастырады. Фестиваль үлкен аншлагпен өтеді.
«Осы жылдың басында скрипкашы Юн-Кун Шинмен бірге біз Венецияға және оның маңындағы қалаларға концерттік турмен барып, екеуіміз тіпті бірлескен диск жазып үлгердік. Бұл сапарымыздағы жалғыз ғана жағымсыз нәрсе ол біздің он күн ішінде төрт қонақүйді ауыстырғанымыз болды. Бірақ Венеция мені елітіп алды!», — деп мойындайды Дина Дүйсен. Қазақстандық-британдық пианисттің алдағы жоспарларына концерттер ойнап, музыканттарға сабақ беруді жалғастыру сияқты өзінің сүйікті істерімен айналысу кірсе, ал оның жақын келешекте міндетті түрде орындалатын асқақ арманы Нью-Йорктегі Карнеги Холлда концерт беру болып отыр.
Бұл мақала «Forbes Kazakhstan» журналында орыс тілінде жарияланған түпнұсқа шығарманың Ұлыбританиядағы Қазақ Орталығымен аударылған қазақша нұсқасы.
«Королева фортепиано: как музыкант из Казахстана получила признание за рубежом», авторы Марите Любинайте, 2023 жылғы 27 желтоқсанда «Forbes Kazakhstan» журналында жарияланған.
Хабарлама
Ақпарат алып отыру үшін жазылыңыз
Создано на WordPress.com